Конференция материалдары 2018

«Білім беру ресурстарын жаңғырту: тәжірибе және болашағы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетімен бірлесіп  2018 жылғы сәуірдің 27-28 күндері  Алматы қаласында «Білім беру ресурстарын жаңғырту: тәжірибе және болашағы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Екі күнге созылған конференция жұмысына  250-ге тарта адам қатысты.

Конференцияда төмендегідей өзекті мәселелер талқыланды:

1.  Білім мазмұнын жаңарту жағдайында білім беру ресурстарын әртараптандыру және оқу әдебиеттерін әзірлеу мен сапасын бағалаудың жаңа тәсілдері.   

2. Білім беру ресурстарын цифрландыру – жаңа білім мен үздік білім беру тәжірибелерін меңгерудің даңғыл жолы.

3. Оқу әдебиеттерін латын әліпбиіне көшірудің әдістемелік мәселелері.

4. Үштілділікке  көшу жағдайында оқу басылымдарын әзірлеу: тәжірибе және болашағы.

5. Заманауи білім беру ортасы және педагог кадрларды даярлау.

Конференция бағдарламасына сай  пленарлық мәжіліс, 5 секция, 9 оқулық авторларының  брифингі, 2 шеберлік сыныбы және 2018-2019 оқу жылында білім беру процесіне енгізілетін мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға және 3, 6, 8 сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің көрмесі өткізілді.

Пленарлық мәжілісте  Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры  Алдамбергенова Гаухар Төремұратқызы   құттықтау сөз сөйледі. 

Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» Республикалық ғылыми практикалық орталығының директоры  Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы  «Жаңартылған мазмұндағы оқу әдебиеттері оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту құралы ретінде» тақырыбында баяндама жасады.

Сонымен қатар, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық академиясының  президенті Жылбаев Жанбол Октябрұлының «Білім беру мазмұнын жаңғырту – қазіргі заманның   сын-тегеуріндеріне жауап ретінде» тақырыбындағы,  «Қазақстан педагогика ғылымдары академиясы» қоғамдық бірлестігінің президенті, профессор Құсайынов Асқарбек Қабыкенұлының «Заманауи оқу әдебиеттерінің сапасын бағалау» тақырыбындағы,  Қазақ Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің педагогика және психология факультетінің деканы  Жиенбаева Сайра Нағашыбайқызының «Болашақ маман дайындауда білім беру ортасын құрудың жаңа бағыттары» тақырыбындағы, Павлодар Инновациялық Еуразиялық универститетінің  проректоры  Бейсенбаев Амангелді Рақышұлының «Коммуникативтік құзыреттілік - жаңартылған мазмұн нәтижесі ретінде» тақырыбындағы баяндамалары тыңдалды.  

Конференция барысында  «Mozaik Education» бас директорының орынбасары ( Венгрия)  Peter Torokтың  «Мozabook» цифрлық білім беру платформасы,  «Foxton books» баспасының басшысы ( Англия) Yusuf Buzдың  Көптілді білім беру және ағылшын тілді оқулықтарда мәтінді деңгейлеп беру маңыздылығы, Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымының докторы   Джусупов Маханбеттың Кирилл әліпбиінің қызмет ету жағдайында латын әліпбиіне көшу,  Шығыс Еуропа бойынша аймақтық менеджер,    (Scolastik Inc баспасы, АҚШ)  Cristian Juncuдың Шексіз және қарапайым математика,   «Алтун Китаб»  баспасының бас редакторы, философия докторы,  (Әзірбайжан Республикасы) Исмаилов  Рафиг Алекпер оглуның   Латын әліпбиіне көшу жағдайында оқу басылымдарын әзірлеу, С. Демирел атындағы университеттің профессоры, филология ғылымының кандидаты  Ahmet Alyazтың  Түрік елінің латын әліпбиіне көшу тәжірибесі баяндамалары  қатысушылардың зор ықыласын  тудырды.

           Конференцияда төмендегідей мәселелер бойынша секция жұмыстары өткізіліп,  мазмұнды  түрде талқылаулар ұйымдастырылды:

секция № 1. Заманауи білім беру ортасы және педагог кадрларды даярлау   (модераторы- Б. Игенбаева, А.Казмадиярова);

секция № 2. Білім мазмұнын жаңарту жағдайында білім беру ресурстарын әртараптандыру және оқу әдебиеттерін әзірлеу мен сапасын бағалаудың жаңа тәсілдемелері  (модераторы - Ә.Дүйсебек, С.Төлеубаева);

секция № 3. Білім беру ресурстарын цифрландыру – жаңа білім мен үздік білім беру тәжірибелерін меңгерудің даңғыл жолы (модераторы-  Г.Түсіпова);

секция № 4. Оқу әдебиеттерін латын әліпбиіне көшірудің әдістемелік мәселелері ( модераторы- Т.Айтқазина);

секция № 5. Үштілділікке  көшу жағдайында оқу басылымдарын әзірлеу:тәжірибе және болашағы (модераторы-Н.Жетпеисова, А.Нұргалиева «Mozaik Education» компаниясының даму ісі жөніндегі менеджері,  (Венгрия) Maxim Chigrin өткізген «Оқыту мен оқу басылымдарын әзірлеудегі цифрлық білім беру технологиялары»  тақырыбындағы,    Шығыс Еуропа бойынша аймақтық менеджер,   (Scolastik Inc баспасы АҚШ)  Cristian Juncu өткізген  «Literacy Pro, Measure, Monitor, Motivate  бағдарламалары бойынша  оқушылардың сауаттылық деңгейін бағалау» тақырыбындағы шеберлік сыныптарына  200- ге тарта адам қатысып тыңдады.  

Сонымен қатар,  «Астана-кітап» баспасының оқулық авторлары    Н.Жұмағұлов,    Е.Шаниев,    А.Сагинтаев     «Оқу процесінде химия, биология және информатика пәндері бойынша  биллингвалды оқулықтарды пайдалану»  тақырыптарында шеберлік сыныптарын өткізді. Конференция барысында ҚР БҒМ «Оқулық» Республикалық ғылыми практикалық орталығы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, «Мектепке дейінгі балалық шақ» Республикалық орталығы, қазақстандық және шетелдік баспалар мен компаниялар арасында  Ынтымақтастық  туралы меморандумға  қол қойылды.

Конференция жұмыс қорытындылары бойынша Ұсынымдар қабылданды.

Конференцияға қатысушылардың баяндамалары бойынша Жинақ электрондық форматта «Оқулық» РҒПО ресми сайтында сайтында жарияланады.

КОНФЕРЕНЦИЯ МАТЕРИАЛДАРЫ