Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы

5 қазан Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Павлодар қаласына барды. Президент іссапар аясында Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияны аралап, білім ордасының тынысымен танысты.
Жүздесу барысында гимназия оқушылары «Оқуға құштар мектеп» жобасының гимназияда іске асырылу барысын таныстырды. Білім алушылар павлодарлық жазушы Рамазан Тоқтаровтың шығармаларын насихаттауға бағытталған танымдық іс-шараларды атап өтіп, Мемлекет басшысына жазушының «Ертіс мұхитқа құяды» кітабын тарту етті.
Мемлекет басшысы кездесу барысында Рамазан Тоқтаров туралы естеліктерімен бөлісіп, жазушы шығармаларының стилі мен маңызына тоқталды.
«Рамазан Тоқтаровтың біздің халқымызға өте танымал, көрнекті жазушы екені күмәнсіз. Рамазан Тоқтаровты мен білуші едім. Өйткені марқұм әкем кезінде Жазушылар одағында онымен бірге, бір кабинетте отырды. Рамазан Тоқтаров біздің үйімізге келіп, әкеммен бірге отырып дәмдес болған. Екеуі жақсы араласты, бірге жүрді. Сондықтан Рамазан Тоқтаровтың шығармашылығын мен жақсы білемін. «Абайдың жұмбағы» деген романы ол кісінің еңбектерінің шыңы деп айтуға болады. Рамазан Тоқтаровтың жазу стилі өте күрделі емес, бірақ бірегей деп айтуға болады, өте ерекше. Сондықтан Рамазан Тоқтаров – өте танымал, аса құрметті жазушы. Біз бәріміз оны мақтан тұтамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Мектеп жасындағы балалардың оқуына ұсынылатын көркем әдебиеттердің максималды тізбесінде Р. Тоқтаровтың «Бақыт», «Ертіс мұхитқа құяды», «Абайдың жұмбағы» атты туындылары бар. Соңғысы үшін жазушы ҚР Мемлекеттік сыйлығын алған. Автор «Абайдың жұмбағын» роман-хамса деп атаған. Роман бес кітаптан тұрады. Мұнда Абай бейнесі сол шақтағы мәйекті де мәнді оқиғамен, көкейтесті мәселемен қабаттаса, шынайы суреттелген.