Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы

ҚР БҒМ республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының ұйымдастыруымен «Заманауи мектеп оқулығының тілі: психологиялық және дидактикалық аспектілер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік симпозиум өтті.

Ғылыми-тәжірибелік симпозиум пленарлық және төрт тақырыптық секция отырысы бойынша оқулық авторлары, сарапшылары мен иллюстратор, дизайнерлерінің қатысуымен онлайн форматта ұйымдастырылды. Іс-шарада оқулық мазмұнын қалыптастырудың психолингвистикалық негіздері, оқулық мазмұнының оқушылардың тілдік тұлғасына сәйкестігі, терминдер қолданысы, иллюстрациялық және графикалық безендіруге қойылатын психодидактикалық талаптардың сақталу мәселелері талқыланды.

Іс-шара ҚР БҒМ республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрлановтың модераторлығымен өткізілді. Орталық басшысы жиынды алғы сөзден бастап, 2016-2020 жылдары жарық көрген тілдік пәндер бойынша оқулықтарға айтылған сынескертулерге шолу тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы қазақ тіліндегі жаратылыстану оқулықтарының тілі мен стиліне тоқталып, терминдер қолданысы бірізді болуы керегін атап өтті. Ал PhD, Сулейман Демирель атындағы университеттің қауымдастырылған профессоры Жайнагүл Дүйсебекова оқу әдебиеттерінің мәтіндік және мәтіннен тыс аппаратына қойылатын психолингвистикалық талаптарын тілге тиек етсе, орыс тілі оқулықтарының авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Зинаида Cабитова оқушылардың бойына функционалды сауаттылықты қалыптастыру және дамытудың маңызын баяндады. Ал «Жеке меншік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығы» жанындағы Білімді дамыту институтының директоры Ерұлан Жиенбаев «Оқулықтардағы ұлттық дүниетаным негіздері» тақырыбын баяндамасына арқау етті.

Сонымен қатар пленарлық отырысқа Кембридж университетінің тренері, «Smiles for Kazakhstan» оқулықтарының авторларының бірі Боб Оби (Bob Obee) де қатысты. Ол әлемнің көптеген елінде жұмыс істеп, оқытушы-жаттықтырушы қызметін атқарған. Сонымен қатар, Афина мен Куала-Лумпурда орналасқан Британдық кеңестің оқу орталықтарындағы зерттеу бөлімін басқарған. Боб Оби «Тілдік пәндер бойынша бастауыш сыныптарға арналған заманауи оқулықтардың психолингвистикалық негіздері мен аспектілері» тақырыбында баяндама жасап, психолингвистика түрлерінен мысал келтіріп, бұл бағыттағы жұмыстардың маңызын атап өтті.

– Бастауыш сынып оқушыларының тілді үйрену дағдысы ересектерге қарағанда, айтарлықтай ерекшеленеді. Тіл үйренуші бүлдіршіндер шет тілін сыртынан емес, ішінен көреді. Яғни, ол ақпаратты тілдің формасы мен жүйесі, грамматикасы  арқылы емес, әрекет барысында қолдану жағынан қабылдайды. Достарымен тілдесу барысында, ниетін білдіру кезінде қолданылатын мән-мағынасы тұрғысынан түсінуге тырысады, – деді Боб Оби.

Оның айтуынша, балаларға шет тілін үйрету барысында оның қолданыстағы тілімен ұштастырып, конструктор ретінде құрастырған жөн. Сонымет қатар, осы бағыттағы оқулықтардың түстері үйлесімді әрі тартымды, құрылымында цифрлы және аннимациялық мүмкіндік көптеп болғаны жөн.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік симпозиум оқулық авторлары мен сарапшылар үшін мазмұнды әрі тың ақпаратқа толы болды. Іс-шара қорытындысы сұрақ-жауап және тақырыптық секция отырыстарымен жалғасын тапты.