Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы

Кез келген халықтың даралығын, өзіндік белгісін айшықтап, тұрмыс-тіршілігін танытатын, айрандай ұйыған бірлігі мен мәңгілік тұтастығын айқындайтын құралдың бірі әрі бірегейі – тілі екені сөзсіз.

Атаулы күн 2017 жылғы қазан айының 31 жұл­дызында «Қазақстан Респуб­ликасында мереке күндер тізбесін бекіту тура­лы» Үкімет қаулысымен ресми бекітілді.

Мерекенің 5 қыркүйекте атап өтілуінің өзіндік сыры да бар. Себебі, бұл күн – Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі, Ұлт ұстазы, аса көрнекті ғалым Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күні.

Ахмет Байтұрсынұлы ұлтты тұтастырудағы, рухани дүниесіндегі тілдің маңызы мен орнын аса жоғары бағалап, баспасөз беттерінде тілді сақтау, дамыту мәселелерін ұдайы көтерді. Бұл бағытта еліне қызмет етіп, сүбелі үлесін қосты.

Қазақ тіл білімінің тууы мен қалыптасуы да тікелей ғалымның есімімен байланысты. Ол 1912 жылы «Оқу құралы» атты тұңғыш оқулықты жазды. Бұл оқулық 15 жылға жуық қазақ балаларының бірнеше буынының зейінін ашқан мазмұнды құрал болды.

Аталған еңбек қазақ тіліндегі ғылыми еңбектің бастау бұлағы десек, артық айтпаймыз. Мұнда қазақ тілінің фонетикалық, грамматикалық құрылымы кеңінен зерделеніп, жүйелі талданған еді. Дыбыстық жүйенің классификациясы жіктелген, сөз таптары ажыратылған, сөз бен сөйлемі ұштастырылған «Әліпбий» ұстанымдары мен Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелері бүгін де маңызын жоғалтпады. Ғасырды артқа тастаған бұл оқу құралы тіл табиғатын тануда айрықша үлес қосып келеді.

Қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаған қайраткер еңбегі Қазақ елінің өскелең ұрпақтарының да зейінін ашады. Өйткені ұлт ұстазының әдістемесі күні кеше қолданысқа берілген 1-сыныпқа арналған «Әліппе/Букварь» оқулықтарын әзірлеуде де негізге алынды.

Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының ұжымы Қазақстанның әрбір азаматын Тілдер күнімен шын жүректен құттықтайды!