Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы

Жаңа оқу жылының басты жаңалығы – «Әліппе» мен «Букварь» оқулықтарының 1-сынып оқушыларына табысталуы. Республика бойынша 7 мыңнан астам мектепте қоңырау соғылып,  394 мыңға жуық оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Бұл күн Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы үшін де қуанышқа толы болды. Өйткені орталығымыздың 8 қызметкері: Жанара Жаркембаева, Жұлдыз Ағзымова, Құралай Ильяшева, Айтоты Елеубаева, Бауыржан Миралиев, Меруерт Қайдарова және ерлі-зайыпты Дәулет Төлемисов пен Нұргүл Сағындықовалардың бүлдіршіндері оқушы атанып, қолдарыңа алғашқы оқулықтарын алды.

«Әліппе» мен «Букварьдің» мектеп бағдарламасына енгізілуі барысында Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы да қызмет етті. Яғни, аталған оқулықтардың зерделенуіне тікелей жауапты сарапшылар мен өзге де мамандар оқу басылымдарына ғылыми-педагогикалық  сараптама мен  сынақтан өткізу, педагогикалық талқылау мен онлайн таныстырылым жұмыстарын ұйымдастырды. Бұл іске мамандар асқан әлеуметтік жауапкершілікпен, кәсіби шеберлікпен және тыңғылықты дайындықпен атсалысты.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтпақшы, «оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап». Өйткені бір оқулық мың адамды оқытады. Білім әлеміне жол ашатын Әліппе/Букварь оқулықтарын әзірлеуде басшылыққа осы ұстаным алынды.

Аталған оқулықтар жас ұрпақтың зейінін ашуға қажетті барлық материалмен қамтылған, мазмұны жан-жақты әрі қазақстандық контентке бай. Жаңартылған Әліппе/Букварьге мемлекет қайраткерлері мен қоғам белсенділері оң бағасын берді. Оның бірқатарымен ресми парақшамызда да бөлістік. Бұл оқулықтар мұғалімдер, ата-аналар мен оқушылар тарапынан да  ықыласпен әрі ұнамды бағалануына тілектеспіз.

Әліппе/Букварь бүлдіршіндерге биік белестерді бағындыруға септігін тигізетін мазмұнды құрал болғай.