Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы

Білім күнінде миллиондаған оқушы мектеппен қайта қауышты. Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталып, салтанатты жиында алғашқы қоңырау сыңғырлады. Мерекелік шарада 1-сынып оқушыларына Әліппе мен Букварь оқулықтары табысталды. 

Әліппе мен Букварь оқулықтары ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі незізінде әзірленді. Мұнда оңайдан қиынға принципі сақталған. Аталған пәндерді оқу мен оқытуда білім алуға ынталы, дыбыс пен жаттығу арқылы әріп тану білігі бар, оқу мен жазу жолдарын білетін, бастапқы тілдік ұғымдарды, сөйлеу әрекеті түрлерін меңгерген, байланыстырып сөйлей алатын жеке тұлғаны қалыптастыру қағидасы қарастырылған. Оқулықтарда оқушылардың коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру мақсатында тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым шартты белгілерімен тапсырмалар қамтылып, әр сөйлеу әрекетінің тапсырмалары күтілетін нәтижеге жетудің құралы ретінде қарастырылған. 

Сонымен қатар, оқулықтардың құрылымы технологиялық жаңа мүмкіндіктермен қамтылғаны ерекше әсер қалдыратыны сөзсіз. Мәселен, оқу басылымдарындағы арнайы QR-кодтың көмегімен суреттерге «жан бітеді». Оқушылар Мемлекеттік Әнұранды, өлеңдер мен әндерді де тыңдай алады. 

Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы директоры Елдос Болатханұлының айтуынша, оқулықтар қазақстандық контентке негізделген. 

– Көрнекі иллюстрацияларға көп көңіл бөлінді, оқулық мазмұнында ұлттық-мәдени құндылықтарды дәріптеу қамтылған.