Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы

Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының сарапшылары «Орта білімді жаңғырту» жобасы аясында оқыту курсына қатысып, біліктіліктерін арттырды. Іс-шараның бірінші кезеңі онлайн форматта өтсе, екінші кезең 7–16 шілде аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткізілді. Оқытуды халықаралық және қазақстандық сарапшылардан құралған тәлімгерлер тобы жүргізді. Оқыту барысында халықаралық деңгейдегі жетекші сарапшылар Рита Курсите,  Михалис Караманис, Мария Авгерину, доцент Апостолия Галани және профессор Евангелия Маврикаки тәжірибелерімен бөлісіп, дәріс пен тәжірибені үйлесімді ұйымдастырды.  

Бұл курс мақсаты – орталық мамандарының әлеуетін оқу-әдебиетін сараптау және рәсімдеуде отандық және халықаралық тәжірибе негізінде арттыру.

Курс материалдары 7 модуль бойынша жіктелген. Мұнда оқу әдебиетін әзірлеу талаптары мен сараптама әдіснамасы бойынша халықарылық және қазақстандық тәжірибе негізге алынған. Оқулықтар мен оқу әдістемелік-кешендерді жіті талдап-сараптауға және мақұлдау жұмысына ден қойылып, осы бағыттағы жаңартылған талаптарға ерекше көңіл бөлінген.

Тәлімгердің бірі – Savvy business консорциумының жетекші сарапшысы, Латвия ұлттық білім беру орталығының білікті маманы Рита Курсите оқыту курстарының барысына тоқталып өтті.

– Мен сарапшыларды тіл және әдебиет бағыты бойынша оқыттым. Оқыту курсы өте мазмұнды әрі танымды өтті. Қазақстандық сарапшыларды тек қана өз пәндері ғана емес, сондай-ақ оқулықты сараптау, білім беру жүйесінің әлемдік тәжірибесі қызықтырды. Маған олармен бірге жұмыс істеу ұнады. Айта кетерім, Қазақстандағы оқулықты сараптау жүйесіндегі тәжірибесі жоғары, тек жаңа мағлұматтарды кеңінен пайдаланып, заман талабына сай бейімдеп, бұдан әрі жақсарту керек. Өзім шет тілдеріне жауапты маман болғандықтан, оқыту барысында назарды ең алдымен шет тілдеріне, оларға тән ерекшелікке қойдық. Әр модульдің теориясын зерделеп, тәжірибеде қолдандық. Өздік және топтық тапсырмаларды орындау арқылы әр оқулықтың контентін сараладық. Жалпы, Латвия мен Қазақстанның оқулықты сараптау жүйесі ұқсас, – деді Рита Курсите.

Оқыту барысында сарапшылар оқулықтар мен электрондық оқулықтарды сараптаудағы әлемдік озық деп танылған тәжірибені зерделеп, оны ұлттық жүйемен салыстырды. Теория мен практикаға, талқылау мен бағалауға негізделген курста Орталықтың сарапшылары оқу әдебиетін зерделеу бойынша әлеуеттерін арттырды.

Курс қорытындысы бойынша, сарапшылар оқулықтарды сараптаудың халықаралық тұжырымдамасын, сарапатудың жаңа матрицасын меңгерді. Сонымен қатар болашақ сарапшыларды оқыту мүмкіндігіне ие болды. Бұл курс Қазақстандағы оқу әдебиетін әзірлеу, сараптау жүйесін жетілдіруге септігін тигізетіні сөзсіз.