Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы

Жаңа оқу жылына дайындық аясында ҚР республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы орта білім беру мекемелерін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешенмен қамтамасыз ету процесін назарға алып, олардың уақытылы жеткізілуін қадағалауда.

Жыл сайын республикамыздың білім басқармалары Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген білім беру ұйымдарына пайдалануға рұқсат етілген оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер тізбесіне сәйкес оқу әдебиеттеріне тапсырыс береді. Мұнда қажетті аталым және аймақтағы білім алушы саны, оқыту тілі ескеріледі.

Жалпы, білім беру ұйымдарының кітапхана қорын тізбеге енген оқу әдебиетімен қамтамасыз ету бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру деңгейлері үшін әрбір 5 жыл сайын және арнайы білім беру ұйымдары үшін әрбір 6 жыл сайын білім алушылар контингентіне сәйкес сатып алу арқылы жүзеге асырылады. Бұл қолданыста болған оқулықтарды жетілдіру және жаңарту мақсатында ұйымдастырылады.

2021-2022 оқу жылында республикамыздың 1-сынып оқушыларын барлық пән бойынша оқулықтармен қамтамасыз ету жоспарланды. Сондай-ақ, 1–3 сыныптарға арналған «Цифрлық сауаттылық», 1-сыныпқа арналған «Француз тілі», 2-сыныпқа арналған «Неміс тілі», 7–8 сыныптарға арналған «Информатика» және ұлттық мектептер мен арнайы түзету мектептеріне арналған оқулықтармен мектеп қорын толықтыру процесі жоспарлы түрде жүргізілуде.

Соған сәйкес, республика бойынша әр аймақтың білім басқармалары мен оқулықтарды әзірлеуші баспалар арасында оқулықтарды сатып алу және тасымалдау бойынша келісімшарт жасасу процесі қарқынды жүріп жатыр.