Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы

Мұнда оң қорытынды алған мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерге арналған оқу әдебиеттері қаралып, бірыңғай тізбенің іріктеуі жүзеге асырылды. Пәндік сараптамалық комиссия құрамында республиканың әр аймағынан келген ғалымдар, «педагог-шебер», «педагог-зерттеуші» санаттары бар практик-мұғалімдер болды.

Отырыс алдында комиссия мүшелеріне арналған оқыту семинары өткізіліп, олардың кәсіби біліктілігіне қорытынды бағалау жүргізілді. Комиссия мүшелерінің объективті шешім қабылдауын қамтамасыз ету мақсатында арнайы келісімшарт жасалып, оқулықтар мен ОӘК комиссия мүшелеріне құпиялылық режимде, яғни иесіздендіріліп берілді. Сарапшылар оқу әдебиетін зерделеу барысында алдыңғы және қорытынды ғылыми-педагогикалық сараптама шешімімен, педагогикалық ортада болған талқылау нәтижесімен жете танысты.

Жалпы, сәуір мен маусым айларында комиссия мүшелері 1-сыныпқа арналған оқу әдебиетін, арнайы-түзету мектептері мен мектепке дейінгі ұйымдарға арналған қайта басылып шыққан оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен электронды оқулықтарды сараптады. Ерекше атап өтері, комиссия отырысында қазақ жұрты көптен күткен «Әліппе» және «Ана тілі» оқулықтары қаралды.

«Ана тілі» пәні бойынша комиссия төрайымы М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледж директоры, ф.ғ.к. Шағангүл Жанаева тізімге ұсынылған «Ана тілі» оқулығына қатысты өз ойымен және комиссия жұмысымен бөліскен болатын.

– Жалпы, өзім төрайым болған комиссия мүшелері 20 оқу әдебиетін зерделеді. Әрқайсысының Үлгілік оқу бағдарламасына, білім Стандартына сай келуіне, оқулық пен ОӘК-ке қойылатын талаптардың сақталуына ден қойылды. Ең бастысы, оқулықтың Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік қағидаттарына сәйкестігі, мазмұнындағы қазақстандық контент, ұлтжандылық, патриотизм, салт-дәстүрдің кеңінен көрініс табуына ерекше мән берілді. Сондай-ақ қазақ қаламгерлерінің балаларға арналған шығармаларының, оқушыға рухани тәрбие беретін мәнді де маңызды мәтіндердің болуына көңіл бөлінді. Сараптама қорытындысы бойынша, осы шарттарға сәйкес келетін бір «Ана тілі» оқулығы, ОӘК және электронды оқулығы тізімге енгізуге ұсынылды. Өз басым бұл оқулық жеткіншектің жан-жақты дамуы мен сауаттылығының артуына, рухани жетіліп, дүниетанымының қалыптасуына септігін тигізетін, мазмұнды құрал болады деп ойлаймын, – деді Ш.Алдамжаровна.