«Білім беру ресурстарын жаңғырту: тәжірибе және болашағы»
халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының
Пленарлық мәжілісі
Конференцияның пленарлық мәжілісінде Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы өкілетті және төтенше Елшісі, жоғары мәртебелі Ким Дэсик мырза құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстандағы Финляндия елшілігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы Миссиясы басшысының орынбасары Кайса Стандиш ханым өз еліндегі білім беру жүйесімен таныстырды. Сонымен қатар, Оңтүстік Корея, АҚШ, Ресей, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Польша, Шотландия елдерінен білікті мамандар қатысып, тәжірибе бөлісті. Чун-чон мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры СО Сун сик Оңтүстік Корея елінің білім беру жүйесі мен білім беру саясатымен таныстырса, «Просвещение» баспасының бас редакторының даму ісі бойынша орынбасары Серебрякова Татьяна Геннадьевна Ресей оқулық басылымындағы жаңалықтар туралы айтты. Америка Құрама Штаттарынан келген оқу бағдарламалары бойынша халықаралық консультант Костас Пексос сыныпта және сыныптан тыс оқытудың сапасын арттыруда онлайн-ресурстарды қолдану тақырыбында, Ресей Білім академиясы Білім беруді дамыту стратегиясы институтының зертхана меңгерушісі Французова Ольга Александровна Жалпы білім беру мазмұнын жаңарту тенденциясы және олардың қазіргі Ресей оқулықтарындағы көрінісі туралы баяндама жасады.