Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы

   

2018 жылдың 2 шілдесінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Омарбекова Жанат Әнуарбекқызы, Мусин Қанат Сергейұлы және «Нұр Отан» партиясының «Бірлік» филиалы төрағасының орынбасары Қожахметов Шыңғысхан Шопанұлы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығыны ұжымымен  кездесті.

«Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімова қонақтарға орталық қызметінің негізгі бағыттарын және оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеу және сараптау үдерісін жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шараларды баяндады.

Министрлік бәсекелестік ортадан оқулықтарды іріктеу және сараптау үшін бес сатылы жүйе құрды. Жаңадан әзірленген оқулықтардың сапасын бағалауға ата-аналар мен педагогикалық қоғамдастықтың неғұрлым кең қатысуына ерекше назар аударылуда.

Депутаттар еліміздегі  білім берудің сапасы және оған қоғамның көзқарасы көп жағдайда «Оқулық» орталығының жұмысына байланысты екендігін атап өтті.

Кездесуде төмендегідей мәселелер талқыланды:

- оқу әдебиеттері авторлары мен сарапшыларының  кәсіби біліктілігін арттыру, еліміздің әртүрлі өңірлерінен жоғары білікті мамандар тарту арқылы сарапшылар пулын кеңейту;

- мемлекеттік сатып алудың қолданыстағы рәсімінің күрделілігі салдарынан мектептерге оқулықтарды уақытылы жеткізбеу қаупінің туындауы, осыған байланысты  аталған конкурсты жалғыз қызмет жеткізушімен өткізу мүмкіндігін қарастыру қажеттігі.

Депутаттар Орталықтың қызметіне үлкен қызығушылық танытты және осы кездесуде көтерілген мәселелерді шешуге оң  ниеттерін білдірді.