Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы

21 маусым - бірінші күн

Семинарды ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімова ашты. Ол семинардың мақсаты – жаңартылған мазмұндағы оқулықтарды әзірлеу мен сараптама жүргізуде авторлар мен сарапшыларға  практикалық көмек көрсету екенін атап өтті.

ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Таңатқызы Каринова «Білім беру ұйымын сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету жөнінде министрліктің міндеттері» тақырыбында баяндама жасады.

Ш. Каринова 2018-2019 оқу жылына арналған 3, 6 және 8 сынып оқулықтарын дайындау бойынша қабылданған шаралар, оқу басылымдары бойынша нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгертулер мен толықтырулар, оқу әдебиеттерінің сапасын жақсарту жөнінде ҚР БҒМ қабылдаған шаралары туралы семинарға қатысушыларды хабардар етті.

Семинарға шақырылған білім беру саласындағы тәуелсіз кеңесші Роберт Сим (Шотландия) «Білім беру саласындағы негізгі заманауи идеялар және олардың оқулық құрумен байланысы» тақырыбында шеберлік-класс өткізді. Баяндамашы қалыптастырушы бағалау, дифференциялау, спиральды оқу жоспары, сын тұрғысынан ойлау, белсенді оқыту, метатанымдық дағдылар, оқулықты тиімді құрастыру мен білім беру саласындағы заманауи идеялар сияқты мәселелермен таныстырды.

Грекияның ағылшын тілі оқулықтарын әзірлеуші тренері, әдіскері Vasso Dimopoulou қатысушыларды заманауи оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеудегі инновациялармен таныстырды.

Оқыту семинарда ҚР БҒМ «Оқулық» РҒПО директорының орынбасары Әділхан Төлегенұлы Дүйсебектің «Заманауи оқулықтардың әдіснама мәселелері» тақырыбында жасаған баяндамасы оқулықтану саласындағы теориялық және әдіснамалық мәселелерге, PISA халықаралық салыстырмалы зерттеулер және STEM-білім беру, кванттық психология, нейропедагогика тұрғысынан оқулықтарды әзірлеу тәсілдеріне арналды.

«Оқулық» РҒПО «Оқу әдебиетінің теориясы мен мазмұны» зертханасының меңгерушісі Н. О. Жетпеисова өз сөзінде оқулық мазмұнының негізгі құрамдас бөлігі – оқушыларға арналған тапсырмаларды егжей-тегжейлі талдады. Өмірлік тәжірибемен өзара байланыс пен заманауи құндылықтардың оқу тапсырмаларында көрініс табуының маңыздылығы айтылды.

«Оқулық» РҒПО бас сарапшысы Г. М. Кусаинов өз сөзінде заманауи талаптарды ескере отырып, оқулық әзірлеуге практикалық ұсынымдар берді. Ол оқулық құрудың негізгі кезеңдеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

Түстен кейін білім саласы бойынша оқу әдебиеттерінің авторларына тренингтер жүргізілді:

«Тіл және әдебиет» секциясында «Заманауи оқулықтағы ХХІ ғасыр дағдылары» тақырыбында Vasso Dimopoulou, Греция, «Оқулықтың жаңа моделі және оны әзірлеудің тиімді тәсілдері (Қазақ әдебиеті оқулығы үлгісінде)» тақырыбында Шәкәрім атындағы СМУ профессоры, PhD, А. Қ. Жүндібаева, «Жаңартылған мазмұндағы оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуге қатысты ұсынымдар» тақырыбында дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Г.А. Букенова, «Білім берудегі жаңа талаптар мәнмәтінінде «Орыс тілі», «Орыс әдебиеті» оқулықтарын әзірлеу» тақырыбында «Орыс тілі» және «Әдебиеттік оқу» «Алматыкітап» баспасы оқулықтарының авторы О.И. Труханова.

«Математика - информатика» секциясында «Математика оқулығын технологиялық амалдар негізінде әзірлеу» тақырыбында «Арман-ПВ» баспасының ғылыми кеңесшісі Ж.У.Кобдикова, «Жаңа буын математика оқулықтары: сарапшы көзқарасы» тақырыбында Л. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, PhD С. К. Бургумбаева.

«Жаратылыстану» секциясында «Күтілетін нәтижелер мен оқулық мазмұны: әзірлеу әдістемесі» тақырыбында Л. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты, «География» оқулығының авторы, «Алматыкітап» баспасы, Р.Ә.Қаратабанов.

«Қоғамдық-гуманитарлық пәндер» секциясында «Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес оқу тарихы материалдарын құрастыру (Дүниежүзі тарихы оқулығы үлгісінде)» тақырыбында Қарағанды қаласы №93 гимназия, жоғары санатты тарих пәні мұғалімі Е.А.Мясников, «Жаңартылған білім беру мазмұнын жүзеге асыру аясында тарих пәні мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету» тақырыбында Қарағанды қаласы «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалының аға оқытушысы, т.ғ.к. А.Ж. Мырзахметова.

    

    

    

    

22 маусым - екінші күн

«Оқулық» РҒПО ұйымдастырған «Оқулықтың жаңа үлгісін жасаудың тиімді технологиялары» атты оқыту семинарының екінші күні «Оқулық» РҒПО директорының орынбасары Әділхан Төлегенұлы Дүйсебектің «Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің ғылыми-педагогикалық сараптама тәртібі. Талаптар, критерийлер» тақырыбындағы баяндамасымен басталды.

«Ұлттық ақпараттандыру орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, педагогика ғылымының докторы, профессор Гүл Құмашқызы Нұрғалиева оқу әдебиетінің авторлары мен сарапшыларының кәсіби біліктілігін арттыру және білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды алаңға айналған Республикалық ғылыми-практикалық орталығына осы іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.

Г.К. Нұрғалиева «Білім беруді цифрландыру жағдайында оқыту контентін әзірлеудің жаңа тәсілдері» атты шеберлік сынып өтті. Қазақстанда ақпараттандыру, цифрландыру бойынша мемлекеттік бағдарламалардың ену тарихы туралы әңгімелеп, бүгінгі білім беру жүйесіндегі цифрландыру туралы егжей-тегжейлі түсінік берді. Заманауи білім беруге цифрлық ресурстарды, әсіресе, жаңартылған оқу бағдарламаларын енгізудің маңыздылығын атап көрсетті. Электрондық басылымдар оқушыларды болашақ кәсіби қызметке дайындайды, мұғалімдердің шығармашылық мүмкіндіктерін іске асыруына кең өріс береді, оқуды тездетеді, оқу пәнін сабақта толықтырады.

Қатысушылар баяндамаға үлкен қызығушылық танытып, бірқатар сұрақтар қойды.

«Ағылшын тілі сабағында оқу үдерісін цифрландыру» жобасын пилоттық мектептерге енгізу туралы Шымкент қаласындағы №8 пилоттық мектептің мұғалімі Г.У.Садырбаева өзінің тәжірибесімен бөлісті. «Ағылшын тілі» оқулығы мен «Express Publishing» баспасының платформасын мысал ретінде алып, оның функцияларын көрсетті: барлық (мұғалім-оқушы-ата-аналар) қатысушылардың оқу үрдісіне қатысуын, оқушылардың топтық және жеке жұмыстарын, кері байланысты.

«Интеллект» ЖШС директоры А. Жагупаров қатысушыларды «Intellectum» ойын технологиясын қолдану бойынша әзірлемемен таныстырды және оны мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларының когнитивтік дағдыларын дамытуға қалай әсер ететіні туралы айтты.

Саутгемптон (Ұлыбритания) университетінің зерттеушісі Гарет Дайк өз баяндамасында рейтингтік басылымдарда мақалаларды жариялаудың өзекті мәселелері мен ғылыми әдебиеттердегі плагиатты жою мәселелерін атап өтті.

Түстен кейін сараптамалық жұмысты ұйымдастыру туралы семинар өтті.

Секцияда Қарағанды қаласы «Өрлеу» БАҰО филиалының аға оқытушысы К.К.Смағұлова, Қарағанды қаласының №1 орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Э.О.Сухотеплов, Астана қаласының №65 орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Р.Е.Бекей, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ доценті, т.ғ.к. Г.Е.Мурзабекова, Астана қаласы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, т.ғ.д. Р.Е.Бейсенова, «SPECTRUM» халықаралық мектебінің әдіскер-мұғалімі Арстан Болатұлы Сатанов, «Оқулық» РҒПО жетекші сарапшысы Р.К.Михалев семинар-тренингтер өтті.

«Оқу құралының жаңа үлгісін жасаудың тиімді технологиялары» атты оқыту семинарының екі күндік қорытындысын шығара келе, қатысушылар ҚР БҒМ «Оқулық» РҒПО-на ризашылығын білдірді.