Мониторинг Тізбеге енгізілген және білім беру ұйымдарында пайдаланылатын бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру деңгейлеріне арналған оқулықтар, ОӘК және ОӘК сапасын бағалау мақсатында жүргізіледі. Мониторингті ұйымдастыру және жүргізу үшін "Оқулық" орталығы уәкілетті органның келісімі бойынша оқулықтардың, ОӘК мен ОӘК сапасын бағалау, мониторинг нәтижелерін шығару және мониторингті ұйымдастыру тәртібі мен нысандарын бекітеді және Білім беру басқармаларына жібереді.
Мониторинг қорытындысы бойынша уәкілетті орган ОӘК мен ОӘҚ өңдеу, қайта басып шығару немесе білім беру ұйымдары қажет етпеген оқулықтарды Тізбеден алып тастау туралы шешім қабылдайды.
"Оқулық" орталығында сынаққа дейінгі сараптамадан өткен оқулықтар мен ОӘК уәкілетті орган пилоттық мектептерге сынақтан өткізуге жібереді. Сынақтан өткізу мониторингі оқулықтың әдістемелік аппаратының тиімділігін, оның мазмұнының қол жетімділігін, оқу материалын баяндау тілінің оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкестігін бағалау және оқу процесіне оқулықтар мен ОӘК енгізу мүмкіндігін зерделеу мақсатында жүргізіледі.
Оқулықтар мен ОӘК сынақ нәтижелері баспаларға, оқу басылымдарын әзірлеушілерге оларды өңдеу кезінде ескеру үшін жіберіледі.
Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейлеріндегі оқулықтардың сапасына қоғамдық бағалау жүргізу үшін сараптама жүргізу кезінде олардың "Жоба" деген белгісі бар электрондық нұсқалары "Оқулықтарды қоғамдық бағалау" порталында орналастырылады.
Мониторинг педагогтар мен ата-аналар қауымдастығының пікірін зерделеу мақсатында жүргізіледі. Неғұрлым сындарлы ескертулер мен ұсыныстар оларды жою үшін әзірлеушілерге жіберіледі. Әзірлеуші баспа мониторинг нәтижелерін алған күннен бастап 50 (елу) күн ішінде "Оқулық" орталығына Қоғамдық бағалау нәтижелері бойынша оқулықтарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы есеп береді.
Мониторинг білім беру ұйымдарында баламалы оқулықтардың қажеттілігін анықтау мақсатында жүргізіледі
Мониторингтің барлық түрлері "Оқулық" орталығының интернет-ресурсының ақпараттық жүйесін пайдалану арқылы on-line режимінде жүзеге асырылады. Мониторинг нәтижелері талдау анықтамасы түрінде уәкілетті органның қарауына ұсынылады.