Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы

Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы жанындағы Ғылыми кеңес мәжілісінің отырысы өтті.

Жиында жаңадан әзірленген оқулықтарды пилоттық мектептерде сынықтан өткізу, барлық білім беру деңгейі бойынша оқу басылымдарына ақылы жүргізілетін сараптама жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, кеңес мүшелері мектептерге арналған оқу басылымдарын сынақтан өткізуге арналған Нұсқаулықпен танысып, оны тәжірибеде қолдану барысын талқылады.

Оқу басылымдарына сынақ жұмыстарын ұйымдастырып, өткізу тәртібі жөнінде баяндаған РҒП БМСО директорының орынбасары Мәншүк Мұқаметқали сынақтан өткізу тәртібіндегі өзгерістерге тоқталды. ҚР БҒМ 2012 жылғы 24 шілдедегі № 344 бұйрығының жаңартылған нұсқасына (13.07.2021 ж.) сәйкес, оқу басылымдарын сынақтан өткізу тәртібі келесі ерекшеліктермен айқындалған:

  • Оқулықтар мен ОӘК сынақтан өткізетін орта білім беру ұйымдары эксперименттік алаңдарға теңестіріледі;
  •  2020 жылдан бастап оқулықтарға сараптама жасаудың 2 кезеңінде, пилоттық мектептерде оқу әдебиеттерінің сынақтан өтуі барысында және олардың Пәндік сараптама комиссиясының қарауына ұсыну барысында оқу әдебиеттері иесіздендіріліп (код қойылып) беріледі;
  •  Оқу әдебиеттерін сынақтан өткізу барысында бір мезгілде ғылыми-педагогикалық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Республикалық ғылыми-практикалық «Білім мазмұнын сараптау орталығының» интернет-ресурсында оқулықтардың иесіздендірілген түпнұсқа-макеттеріне қоғамдық талқылау жүргізіледі;
  •  Баспалар немесе оқулық авторлары сынақ процесіне араласқан жағдайда  Орталық сол баспадан шыққан оқу басылымдарын сынақтан және сараптама процесінен шығару жөнінде шешім қабылдай алады;
  •  Орталықтың Ғылыми кеңесі оқулықтар мен ОӘК-ні сынақтан өткізу жөніндегі нұсқаулықты әзірлейді және бекітеді;
  • Орта білім беру ұйымдары үшін оқулықтар мен ОӘК-ні сынақтан өткізу республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

Айта кетерлігі, жаңадан әзірленген оқу басылымдарына енгізілген жаңашылдықтың тәжірибе жүзінде қолданылуын, мектептер (оқушылар) үшін ең тиімді деп танылған оқу материалын таңдау мақсатында ұйымдастырылатын апробация (сынақ) процесін тиімді әрі оңтайландыру үшін Орталық мамандары арнайы Нұсқаулық әзірледі. Жиын барысында орталық сарапшысы Данагүл Смакова аталған құралдың мазмұны мен құрылымын таныстырып, сынақ жұмысына қатысушылардың функцияларын атап өтті.

Кеңес мәжілісінің қорытындысы бойынша тиісті қаулылар қабылданып, оның жүзеге асуын қамтамасыз ету мақсатында жауапты мамандарға арнайы тапсырмалар берілді.