Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялап, Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берді.

Мемлекет басшысы білім және ғылым саласы бойынша маңызды әрі өзекті міндеттер жүктеді. Ол оқу бағдарламаларының заман талабына сай болуы – кезек күттірмейтін шаруа екеніне тоқталды. Сонымен қатар, Үкіметке қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырды.

– Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа. Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сондай-ақ Президент оқушыларды кәсіби білімге мектеп қабырғасынан бастап баулу керегін атап өтті.

– Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, осы маңызды міндетті шешумен айналысуы керек. Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз, – деді Президент.

Жолдауда ғылымды дамытудың тетіктері айқындалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, ғылымды дамыту – аса маңызды басымдық. Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігі айқындалды.

ҚР БҒМ республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының қызметкерлері Жолдаудағы білім мазмұнын өзектендіру турасындағы бағыт-бағдардың оқу басылымдарын сараптау жұмысына да тың серпіліс әкелетініне бек сенімді.