Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы

Бүлдіршіндерге Әліппе табысталды

Бүгін 1 қыркүйек – Білім күні. Алтын күздің алғашқы күнінде мектептердің есігі миллиондаған оқушы үшін айқара ашылды. Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталып, мұғалім мен оқушы онлайнда емес, офлайнда жүздесті.

Айтулы күні Қазақстанның түкпір-түкпірінде 1-сынып оқушыларына арналған «Кел, балалар, оқылық!» атты салтанатты жиын ұйымдастырылып, Әліппе/Букварь оқулықтары табысталды.

Білім күніне арналған мерекелік жиын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің № 78 мектеп-гимназиясында да өткізілді. Іс-шара мектеп директоры Жанар Жумабекованың құттықтау сөзінен басталды. 

– Құрметті ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар! 1 қыркүйек – Білім күні құтты болсын! Мектебіміздің табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің қадамдарыңа гүл бітсін, талаптарыңа нұр жаусын. Қазақ еліне қызмет ететін азамат пен азаматша болып өсулеріңізге тілектеспін, – деді Жанар Өмірханқызы.

Бүлдіршіндерге алғашқы оқулығы – Әліппенің табысталу сәтіне Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрланов қатысып, жиналғандарға ақ жарма тілегін жолдады. Сонымен қатар, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген оқулықтардың әзірлену кезеңдерін тілге тиек етті.

– ҚР РҒП білім мазмұнын сараптау орталығы жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп қабырғасына қайта оралған Әліппе/Букварь оқулықтарына сараптама жұмыстарын ұйымдастырды. Бүлдіршіндерге табысталатын бұл оқулық 5 түрлі нұсқаның ішінен іріктеліп, ең үздігі ретінде таңдалды. Аталған оқулықтар 500-ге жуық кәсіби маманның сараптамасынан өтті. Осы айтулы шараға қатысып, сіздерге Әліппені табыстау мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев бұл оқулыққа жоғары бағасын беріп, «Бар кітапқа бас болған, Әліппе – ғылым анасы, Әліппеден басталған, Даналықтың данасы» деп жырлады. Алғашқы оқулық білім әлеміне жол ашатын, бастау бұлағына айналсын. Жаңа оқу жылы құтты болсын! – деді Елдос Болатханұлы.

Мектепке тарыдай болып кіріп, ең алғашқы қоңырау сыңғырын естіген бүлдіршіндердің жүздерінен қуаныш пен шаттық байқалды. Әліппені қолға алып, сынып сағатына қатысқан оқушылар жаңа оқулықтың суреті мен безендірілуіне балалық көңілмен жоғары баға берді.

Аталған мектептің 1-сынып оқушылары Әбділхакім Аманбай мен Әмірлан Асқаров «Әліппеден білім алып, үздіктер қатарында боламыз» деп, айқын мақсаттарымен бөлісті.