Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы

  23 ақпан Ұлттық академиялық кітапханада жасөспірімдер арасындағы кітап оқу барысы мен қазақтілді кітаптардың қолжетімділігі талқыланды. Іс-шараға ҚР ҰАК басшысы Үмітхан Мұңалбаева, «Оқулық» РҒПО директоры Елдос Нұрланов  және аталған кітапхананың бөлім басшылары қатысты.

     Жиында алғашқы болып сөз сөйлеген Үмітхан Дәуренбекқызы мектептерде сапалы кітапханаларды ашу керегін алға тартты. Оның айтуынша, кітапхана қоры оқырманның талғамы мен сұранысына сай болуы керек.

   – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы кітап оқу мәселесінің маңызына тоқталды. Жеткіншектердің оқуға ден қоймайтыны бізді де алаңдатады. Жас оқырман санын арттыру үшін кешенді шараларды бірлесіп атқару керек. Оқушылар арасында арнайы сауаттылық деңгейін анықтайтын диктант пен сауалнама өткізуді ұсынамын, –  деді ол.

    Сондай-ақ жиын барысында «Оқуға құштар мектеп» жобасына қатысты айқындалған жоспарлар сөз болды.

    Өз кезегінде «Оқулық» РҒПО директоры Елдос Нұрланов жоба аясындағы мақсат-міндеттерді атап өтті. Сонымен қатар жасақталатын кітап тізіміне қатысты мәселелерге тоқталды. 

    – Мәтінді оқу және түсіну сапасын бағалайтын PIRLS–2016  халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша қазақстандық оқушылар бастауыш сыныптан бастап әдеби қарағанда, ақпараттық мәтінді көбірек оқитыны анықталды. Ал әлемдік тәжірибені алсақ, мұнда жеткіншектер әуелі көркем әдебиетті, кейін ақпараттық мәтінді оқиды. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жасөспірімдер арасында көркем әдебиетті кеңінен насихаттау керек. Ұсынылатын көркем әдебиет мағынасы мен әлем әдебиетінің аудармасына жіті мән берген жөн, – деді Е.Болатханұлы.