Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы

Кеше Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің төрағалығымен аппарат жиналысы өтті. Жиын барысында талқыланған өзекті мәселенің бірі – «Оқуға құштар мектеп» жобасы.

Бұл жобаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы шеңберінде бастадық. Оқу сауаттылығын арттыру – өте маңызды мәселе. PISA зерттеу нәтижелерінен оқушылардың оқу бойынша сауаттылығы төмен екенін білеміз. «Сауаттылық» – тек қана мәтін оқу емес, оны түйсікпен түсініп, мазмұнын білу. Сондықтан бұл бастаманы дамыту керек, – деді министр. 

Айта кетерлігі, «Оқуға құштар мектеп» жобасы 2020-2025 жылдарға арналған білім беру ұйымдарының кітапханаларын келешекте дамыту жөніндегі жол картасы аясында жүзеге асырылады. Жоба аясында мектеп кітапханалары көркем әдебиет, анықтамалық, оқу-әдістемелік құрал мен ғылыми-көпшілік басылымдармен жабдықталады деп күтілуде.  

  Жиналыс барысында «Оқулық» РҒПО-ның директоры Елдос Нұрланов аталған жобаны жүзеге асыру барысын баяндады.

– Бүгінде жас өспірімдер ақпараттық мәтінді көбірек оқиды. Ал әдеби мәтін оқуға аз көңіл бөледі. Өкінішке қарай, кітапхана қоры сол сауаттылықты арттыруға әсер етпей тұр. Білім беру ұйымдарында көркем және ғылыми-көпшілік әдебиеттің аздығы байқалады. «Оқуға құштар мектеп» жобасы басталғаннан бері бұған көңіл бөлініп келеді, – деді ол.

Өз кезегінде Асхат Қанатұлы бұл жобаға жоғары оқу орындарын да белсене қатысуға шақырды.

– Университеттерде кітапханалар мен электронды кітап қорлары бар.  Осының бәрін балаларға қолжетімді етіп, насихаттаған жөн. Ең маңыздысы, әлем әдебиеті мемлекеттік тілде қолжетімді болуы керек. Бұл жобаның басты мақсатының бірі – шетел әдебиетінің қазақ тілінде қолжетімді болуына мүмкіндік жасау, – деді ол.