Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы
Бүгін «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Кәсіби Психологиялық Лигасының ұйымдастыруымен еліміздегі оқу әдебиеттері сарапшылары үшін «Оқу әдебиетіне қойылатын психолингвистикалық талаптар және оқулық мәтінің этномәдени сипатын бағалау» тақырыбында екі күндік вебинар басталды.
 
Іс-шара мақсаты – оқу әдебиеттерінің сарапшыларына оқу әдебиетіне қойылатын психолингвистикалық талаптар туралы түсінік беру, оқулықтағы негізгі білім мазмұнын қамтитын мәтіндік ақпараттың этномәдени сипатына баға беру тәсілдерін үйрету.
 
Вебинар барысында «Оқулық» РҒПО директорының м.а. Әділхан Дүйсебек, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Шерубай Құрманбайұлы, Лингвистикалық психофизиологияның негізін қалаушы, Еуропа жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Лейбниц, медицина ғылымдарының кандидаты Алексей Биркин, ф.ғ.д., профессор, психотерапевт, Валерий Белянин (Торонто, Канада), Doctor of Medicine, психолингвистика бойынша сарапшы Айрат Мустафин (Ресей, Мәскеу), ф.ғ.д., Ресей халықтар достастығы университетінің профессоры, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, психолингвист Ирина Карабулатова баяндама оқыды. Оларда негізінен оқулықтардың сапасын арттыру мәселелері және оларды шешуге бағытталған шаралар туралы сөз қозғалды. Сонымен қатар, «Оқулық мәтінінің этномәдени сипатын бағалау», «Лингвистикалық психофизиологияға кіріспе», «Оқулық әзірлеудегі психолингвистикалық және психодидактикалық талаптар», «Психолингвистикалық сараптаманың әдістері мен критерийлері», «Қауіптілігі ықтимал мәтіндер», «Мәтінді психолингвистикалық сараптаудың негізгі аспектілері» сынды тақырыптар кеңінен тарқатылды.
 
Вебинар модераторы, «Оқулық» РҒПО директоры м.а. Ә.Т.Дүйсебек оқулықтардың сапасын арттыру үшін осындай оқыту жұмыстарының қажеттілігін атап өтіп, білім-білігімен бөліскен спикерлерге алғыс білдірді.
«Оқулық» орталығы жаңа белестерді бағындырып, оқу әдебиеттерін сараптаудың тың үрдістерін қалыптастыруда. Оның ішінде психолингвистикалық және этномәдени тұрғыдан сараптама жұмысын жүргізу күн тәртібіндегі мәселе», - деді Ә.Дүйсебек.
 
Айта кетейік, биылғы жылы Орталықта тұңғыш рет оқу әдебиеттеріне психолингвистикалық және этномәдени сараптама жүргізу жұмысы қолға алынып, тиісті бөлімдер ашылды.