Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы

Бүгін  ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен Сулейман Демирель атындағы университеті бірлесіп «Заманауи оқулық және білім беру құндылықтары» тақырыбында республикалық ғылыми конференция өткізді.
 
      Аталмыш шара орталықтың 15 жылдық мерейтойына орайластырылған. Конференция онлайн форматта өтті.
Іс-шараның басты мақсаты заманауи оқулықтардағы білім беру құндылықтарына, оқу әдебиеттерінің тіліне, мәтіндік және мәтіннен тыс аппаратына қойылатын талаптар бойынша өзекті мәселелерді талқылау.
 
     Шараның беташарын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Ш.Каринова құттықтау сөзімен ашты.
Конференция барысында қатысушылар оқулық мәтінінің мазмұны мен этномәдени сипаты, оқулық мәтінінің танымдық және тәрбиелік мәні, оқулық әзірлеудегі психолингвистикалық және психодидактикалық талаптар, электрондық оқу басылымдары және білім берудің аксиологиялық қызметі мен оқулықтың мәтіннен тыс аппаратының рөлі және оған қойылатын талаптарды талқыға салды.
     
      Жиынға ҚР Білім және ғылым министрлігі мен оның бағынысты ұйымдарының, жоғары, техникалық және кәсіби, орта білім беру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру ұйымдарының қызметкерлері, білім беру ресурстарын әзірлеуші баспа мен ғылыми ұйым өкілдері, оқу әдебиеттерінің авторлары мен сарапшылары, сондай-ақ бірқатар шетелдік ғалымдар қатысты. Олардың ішінде ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, п.ғ.д., профессор Фаузия Оразбаева, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Шерубай Құрманбайұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова сынды тұлғаларды айрықша атап өтуге болады.
       «Бүгін отандық білім беру саласы үшін айтулы күн – «Оқулық» орталығының құрылғанына 15 жыл. Осы аралықта ұйым оқулықтар мазмұнының сапасын арттыруда ауқымды жұмыс атқарды. Барлық қызметкерлеріміз бен сарапшыларымызды шын жүректен құттықтаймын, жұмыста толағай табыстар тілеймін», - деді «Оқулық» РҒПО директоры Ғ.Бейсембаев.
        Айта кетейік, «Оқулық» РҒПО білімнің мазмұнын бағалау, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сараптау арқылы білімнің сапасын қамтамасыз етуге атсалысады. Орталық өзінің құзіреті шегінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің міндеттемелерін орындап, оқулықтардың сапасын арттыру, сондай-ақ өскелең ұрпақтың білімін жетілдіру бағытында жұмыс істеп келеді.