Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы
     

      ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жол картасына сәйкес 2020-2021 оқу жылында енгізілетін 11-сыныптарға арналған жаңартылған мазмұндағы оқулықтар биыл мектептерге енетін болады.

Осыған орай, «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен аталған оқулықтардың тұжырымдамасының ерекшеліктерімен, мазмұнымен және құрылымымен таныстыру бойынша 2020 жылдың 3-21 тамыз аралығында ауқымды вебинар болып өтті.

      Еліміздің 40 мыңнан астам 11 сыныптарға сабақ беретін ұстаздар қауымын қамтыған вебинар жұмысына «Мектеп», «Атамұра», «Алматыкітап», «Арман-ПВ», «Жазушы», «Келешек-2030», «Көкжиек-Горизонт» «Сапалы білім», «Бөбек» орталығы, «Астанакітап», «Cambridge University Press», «MM Publications» «Oxford University Press», «Express Publishing», «Macmillan Publishers» баспаларынан 114 автор әр пән бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, пән мұғалімдерімен кері байланыс орнатты.
Бұрын соңды болмаған ауқымды жобаның негізгі мақсаттарының бірі – оқулық авторлары мен пән мұғалімдерінің арасында тығыз байланыс орнату. Оқулық сапасының жақсаруына үлес қосу.
        
            Вебинар жұмысына тікелей қолдау білдірген облыстық, қалалық білім басқармаларының ұжымына, оқулық авторларына, пән мұғалімдеріне зор алғысымызды білдіреміз.
«Оқулық» РҒПО баспасөз қызметі