Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы

   Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастырумен 2019 жылғы қазанның 18-19 күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Білім беру ресурстарын жетілдіру: тәжірибе және болашағы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысына   отандық ғалымдар, авторлар, сарапшылар, бағдарлама әзірлеушілері мен республиканың түрлі өңірлерінен келген мектеп мұғалімдері, барлығы 400-ден астам адам қатысты.                                              

        Конференцияның пленарлық мәжілісінде Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы өкілетті және төтенше Елшісі, жоғары мәртебелі Ким Дэсик мырза құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстандағы Финляндия елшілігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы Миссиясы басшысының орынбасары Кайса Стандиш ханым өз еліндегі білім беру жүйесімен таныстырды. Сонымен қатар, Оңтүстік Корея, АҚШ, Ресей, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Польша, Шотландия елдерінен білікті мамандар қатысып, тәжірибе бөлісті. Чун-чон мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры СО Сун сик   Оңтүстік Корея   елінің білім беру жүйесі мен білім беру саясатымен таныстырса, «Просвещение» баспасының бас редакторының даму ісі бойынша орынбасары Серебрякова Татьяна Геннадьевна  Ресей оқулық басылымындағы жаңалықтар туралы айтты. Америка Құрама Штаттарынан келген оқу бағдарламалары бойынша халықаралық консультант Костас Пексос сыныпта және сыныптан тыс оқытудың сапасын арттыруда онлайн-ресурстарды қолдану тақырыбында, Ресей Білім академиясы Білім беруді дамыту стратегиясы институтының   зертхана меңгерушісі  Французова Ольга Александровна  Жалпы білім беру мазмұнын жаңарту тенденциясы және олардың қазіргі Ресей оқулықтарындағы көрінісі  туралы баяндама жасады.      

      Түстен кейін жаңартылған мазмұндағы оқу әдебиетін әзірлеу: тәжірибе, талдау және жетілдіру  тетіктері, оқу әдебиеттеріне сараптама жүргізу жүйесін жетілдіру,  электрондық оқу құралдарын әзірлеу және оқу процесіне енгізу мәселелері жөніндегі панельдік сессияларда оқулықтарды әзірлеу, сараптамадан өткізу және оқытудың электрондық ресурстарын әзірлеу бойынша мамандардың 35-тен аса баяндамасы тыңдалып, талқылаулар ұйымдастырылды.                                                                               Конференцияның екінші күні Нұр-Сұлтан қаласының №60 мектеп-гимназиясы базасында жалғасты. Әрбір пән бойынша жаңартылған мазмұндағы оқулықтардың тұжырымдамасын және     мазмұнын талқылау бойынша 14 дөңгелек үстел жұмысы ұйымдастырылды. Іскерлік ойын стилінде ұйымдастырылған Дөңгелек үстел жұмысы барысында авторлар, сарапшылар, бағдарлама әзірлеушілері мен мұғалімдер оқу процесіне енгізілген жаңартылған мазмұндағы оқулықтардың тұжырымдамасы мен мазмұнын, оқулықтарды пайдалану барысында пайда болған түйткілді мәселелерді және оларды шешу жолдарын талқылады. Конференция жұмысының қорытындысында, қатысушылар оқу әдебиеттерінің мазмұны мен құрылымын жақсартуға, білім беру мазмұнын жетілдіруге бағытталған ұсынымдар қабылдады өз ұсыныстарын жасады.
Қатысушылар конференцияның күн тәртібіне шығарылған мәселелердің өзектілігін, баяндамалардың аса мазмұнды және тартымды болғанын жоғары бағалады.