Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы

             2018 жылғы қарашаның 29 күні Астана қаласында «Неміс тілі: Қазақстанда оқытудың сын-тегеуріндері мен болашағы» тақырыбындағы Халықаралық конференция өтті.  Конференцияны «Возрождение» неміс халқының Қазақстандық бірлестігі» қоғамдық қоры ұйымдастырды.  

            Конференция жұмысына ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ГФР Қазақстандағы елшісі, «Возрождение» ҚҚ, «Оқулық» РҒПО, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, «Өрлеу» БАҰО өкілдері т.б. қатысты. 

            Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына орта мектепте шет тілін таңдауға қатысты өзгерістер енгізілді. ҚР Білім және ғылым министрінің  2018 жылғы 4 қыркүйектегі № 441 бұйрығымен 1-11 сыныптарға арналған «Шет тілі» пәнінің оқу бағдарламасы бекітілді.  

            Осыған байланысты конференцияның басты тақырыбы ретінде бастауыш, орта және жоғары сыныптардың оқу процесіне «Неміс тілі» пәнін енгізу және осыған қатысты -  оқу әдебиеттерін, әдістемелік құралдарды басып шығару, неміс тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыру сияқты және басқа да мәселелер қаралды.

            Конференцияда ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, «Возрождение» ҚҚ қамқорлық кеңесінің төрағасы А.П. Рау, ГФР Қазақстандағы елшісі Тило  Клиннер,  Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары З.А.Махсутова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілі С.С.Жуманова, Жамбыл облысы неміс халқы қоғамының төрағасы А.А.Гибнер,  «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары М.А.Тыныбаева, т.б. баяндама жасады. 

        «Оқулық» РҒПО оқулық теориясы мен мазмұны зертханасының меңгерушісі Жетпеисова Н.О. конференцияның пленарлық мәжілісінде «Неміс тілі оқулықтарын оқу процесіне енгізу механизмдері» тақырыбында баяндама жасады.  Баяндамасында ол 2012 жылға дейін «Оқулық» орталығында сараптамадан өткен неміс тілі оқулықтарына сипаттама берді. Оқулықтар бір ғана «Мектеп» баспасынан шығатын және олар грамматика-аударма принципі бойынша әзірленіп, оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамытуға жеткілікті түрде бағытталмағандығын, иллюстрациялық безендірілуі де әлсіз болғанын атап өтті. Жетпеисова  Н.О.   қазіргі кезде мектептерде қолданылып жүрген ағылшын тілі әдістемесін мысалға келтірді. Оқулықтар  Қазақстанға бейімделіп әзірленіп, шетелдерде басылады, одан соң «Оқулық» орталығында сараптамадан өтеді. Неміс тілі оқулықтарын әзірлеуде де осы тәжірибені негізге алуға болатынын айтты.

          Пікірталасқа ҚР БҒМ, қоғамдық ұйым өкілдері, неміс тілі мұғалімдері қатысты. Конференция қорытындысында барлық қаралған мәселелер бойынша ұсыныстар жасалып, қарар қабылданды.                                                              

    Конференция мен дөңгелек үстел кезіндегі пікірталастарда қатысушылар аталған мәселеге шынайы қызығушылық танытып, республика мектептерінде оқушылардың таңдауы бойынша неміс тілін екінші тіл ретінде оқытылуына қолдау көрсететіндерін білдірді.