Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы

 Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен  «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы   еліміздің барлық өңірлерінде 4, 9 және 10 сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің жобаларын талқылау бойынша әдістемелік семинарлар өткізді  

15 баспадан 160 автор семинарға қатысушыларды әзірленген оқулықтардың жобаларымен таныстырып, жаңартылған мазмұндағы оқулықтардың құрылым ерекшеліктері  мен мазмұнын түсіндірді. Авторлар сондай-ақ оқулықтарды оқу процесінде қолдану бойынша пайдалы әдістемелік кеңестер берді.

Семинарларға республикамыздың 8500-дей мұғалімдері мен әдіскерлері қатысты. Биылғы жылдың бір ерекшелігі – семинарларға педагогикалық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен «Өрлеу» БАҰО тренерлері, ата-аналар қауымының өкілдері арнайы шақырылды.

Семинарға қатысушылардың «Оқулық» орталығының сайтында орналасқан оқулық жобаларымен алдын-ала танысуы - семинар жұмысының белсенді және нәтижелі өтуін қамтамасыз етті.   

Оқулықтарды талқылау барысында  пән мұғалімдері оқулық мазмұнын жақсарту бойынша, атап айтқанда оқу материалдарының жүйелі берілуі, тапсырмалардың оқушылардың жас ерекшелігіне сай болуы, қазақстандық компоненттің көрініс табуы, оқушылардың практикалық дағдыларын дамытуға арналған тапсырмалардың көбірек берілуі туралы өздерінің нақты ескертулері мен ұсыныстарын жеткізді.  

Педагогтар қауымынан түскен ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді өңдеу кезінде ескерілуі үшін баспаларға жіберілді.   

Қатысушылар өткізілген семинарлардың және оқулық сапасын арттыру мақсатында Министрлік пен «Оқулық» орталығы тарапынан жүргізіліп жатқан басқа да шаралардың тиімділігін атап өтті.   

          ​