Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы

2018 жылдың 6  қыргүйегінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы қызметкерлерінің «Назарбаев Университеті Білім берудің жоғары  мектебі» жекеменшік мекемесі қызметкерлерімен кездесуі болды.

Кездесуді  «Назарбаев Университеті Білім берудің жоғары  мектебі» жекеменшік мекемесі Қосымша білім беру департаментінің директоры Жонтаева Жаңыл Алпамысқызы ашып, қатысушыларды таныстырды.  

«Оқулық» орталығының  директоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы   жаңартылған мазмұндағы оқулықтарды әзірлеу және ендіру бағытында  атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады. Жаңартылған оқу бағдарламасы  аясында әзірленген оқулықтар дәстүрлі оқулықтардан  айтарлықтай ерекшеленеді. Жаңа оқулықтар тек білімдік ақпарат көзі емес, оқу процесінің навигаторы ролін атқарады. Олардың мазмұны мен әдістемелік аппараты оқушының өзіндік оқу-танымдық қызмет жасау, талдау және сыни тұрғыдан ойлау, білімдерін практикада қолдану дағдыларын дамытуға бағытталған.

Бейбіткүл Сәрсемханқызы  оқулықтарға жүргізілетін ғылыми-педагогикалық сараптама, оларды сынақтан өткізу және қоғамдық бағалау үдерістерімен таныстырды, оқулық сапасын жақсарту бағытында ҚР Білім және ғылым министрлігі атқарып  жатқан шараларды атады. Ғылыми зерттеулер, шетелдік озат тәжірибені зерделеу, авторлар мен сарапшыларың біліктілігін жетілдіру мәселелеріне тоқталды.  Осы орайда қазақстандық оқулықтардың сапасын бағалау және «Оқулық» орталығы қызметкерлерінің және авторлардың біліктілігін арттыру үшін шетелдік мамандардың әлеуетін пайдалану өзектілігі аталып өтілді.  

Кездесу барысында арнайы мектептерге арналған оқулықтарды, билингвалды оқулықтарды әзірлеу және STEM білім беруді ендіру мәселелері талқыланды.

Жаныл Алпамысқызы  және басқа қатысушылар Бейбіткүл Сәрсемханқызына   қызықты және мазмұнды презентациясы үшін алғыс білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша «Назарбаев Университеті Білім берудің жоғары  мектебі» жекеменшік мекемесі мен «Оқулық» орталығының арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою туралы шешім қабылданды.

Кезесуге «Оқулық» орталығы директорының орынбасарлары  Омаров Саят Құсаинұлы  және Дүйсебек Әділхан Төлегенұлы қатысты.