Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы

«Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері  2018 жылдың 19 қаңтары күні  Астана қаласы «Нұрорда» халықаралық мектеп-лицейінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған  облыстық, Астана, Алматы қалалық  және аудандық/қалалық әдістемелік кабинеттер мен әдістемелік бөлімдер басшыларына арналған республикалық семинар-кеңеске  қатысты.
Семинардың пленарлық мәжілісінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі А.К.Аймағамбетов баяндама жасап, кеңеске қатысушыларды еліміздің білім беру саласын дамытуға бағытталған шаралар мен осыған орай қабылданып жатқан нормативтік құжаттардағы өзгерістермен және толықтырулармен таныстырды. Вице-министр  осы мәселелер бойынша әдіскер мамандармен еркін сұхбат жасап, олардың пікірлері мен ұсыныстарын  мұқият тыңдады.
Семинардың секцияларында қатысушылар орта білім жүйесін модернизациялау, педагог қызметкерлерді аттестациядан өткізу, балаларды ерте бастан дамыту, оқушылардың функционалдық сауаттылығын  арттыру, PISA-2018 халықаралық зерттеулеріне дайындық, критериалдық бағалауды және үш тілде оқытуды жүзеге асырудың әдістемелік  мәселелерін  «дөңгелек үстел» форматында талқылап, өз ұсыныстарын жазып қалдырды.
Семинар барысында «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары С.Қ.Омаров қатысушыларды  оқулықтар  саласындағы нормативтік актілеріне, «Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендері мен оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу, оларға сараптама, сынақ өткізу және мониторинг жүргізу, оларды басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидаларына» (БҒМ бұйрығы №344) және «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидаларына» (БҒМ бұйрығы №91)  енгізілген өзгерістермен таныстырды.
Семинардың 1 секциясында   «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Ә.Т.Дүйсебек «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру тұрғысында білім беру әдіснамасының трансформациясы мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.