Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы

   Жаңартылған білім мазмұнына көшу аясында әзірленіп жатқан  оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендердің сапалы болуы оларға жүргізілетін ғылыми және педагогикалық сараптамаға тікелей байланысты. Осы мемлекеттік қызметті жүзеге асырушы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы сарапшылар құрамына республика өңірлерінен жоғары білікті педагог қызметкерлерді қатыстырып отырады.

Оңтүстік Қазақстан облысы мұғалімдері мен әдіскерлерін жаңа мазмұндағы оқулықтардың тұжырымдамалық негіздерімен таныстырып, сараптама жасау әдістемесіне  оқыту мақсатында «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2017 жыл 21-22 желтоқсан күндері Шымкент қаласында   «Жаңа мазмұндағы оқулықтардың тұжырымдамалық негіздері және оларға ғылыми-педагогикалық сараптама жасау әдістемесі» тақырыбында Республикалық оқыту семинарын өткізді.

Семинарға облыстық, аудандық әдістемелік кабинеттердің қызметкерлерінің және  оқыту қазақ, орыс, өзбек және тәжік тілдеріндегі мектептердің бірінші және жоғары санатты мұғалімдерінің, барлығы 120 адам қатысты. Семинар жұмысын ұйымдастыруға Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы қызметкерлері, облыстық әдістемелік кабинет директоры Себепова Раушан Мұхамеджановна және осы кабинет қызметкерлері  қолдау жасады.

Семинар жұмысын  Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары  Садықова Ардақ Мадыханқызы ашты.

Осыдан соң семинарға қатысушылар назарына  «Қазақстан білім беру жүйесінің тәуелсіздік жылдарында дамуы» атты бейнеролик ұсынылды.

Семинар бағдарламасына сәйкес төмендегідей баяндамалар жасалды:

Дүйсебек  Әділхан Төлегенұлы – «Оқулық»  Республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары: «Білім берудегі парадигмалық трансформациялар және  білім мазмұнын жетілдірудің әдіснамалық мәселелері»;

Михалев Ришад Каюмович – «Оқулық»  Республикалық ғылыми-практикалық орталығының жетекші сарапшысы: «Жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламаларының ерекшеліктері. Жаратылыстану, география пәндерінің мысалында»;

Әуешов Әбдіразақ  Пернебайұлы – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Оқытудың теориясы мен әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор, 2016 жылғы «Үздік оқытушы» грантының иегері: «Білім берудегі заманауи трендтер: STEAM-білім беру – білім мен технология интеграциясы»;

Дүйсебек  Әділхан Төлегенұлы – «Оқулық»  Республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары: «Оқулықтарды әзірлеу, сынақтан және сараптамадан өткізу жүйесіндегі нормативтік құжаттар және оларды жетілдіру барысы», «Заманауи оқулықтарға қойылатын талаптар». Қуанышбекова Ақмарал Ахметқызы – Түркістан қаласы №15 М.Жұмабаев атындағы гимназия мектебінің бастауыш сынып мұғалімі: «Жаңартылған бағдарлама бойынша әзірленген оқулықтардың тиімділігі»;

Торғаев Бауыржан Пірматұлы – Оңтүстік Қазақстан облыстық үш тілде оқытатын мамандандырылған № 1 мектеп-интернатының тарих пәні мұғалімі:«Оқулық материалын меңгеруде мұғалімдерге арналған нұсқаулықтың маңызы»;

 Михалев Ришад Каюмович  – «Оқулық»  Республикалық ғылыми-практикалық орталығының жетекші сарапшысы:«Жаңа мазмұндағы оқулық әзірлеудегі  басты проблемалар мен кемшіліктер. Оқулықтарға  және оқу-әдістемелік кешендерге ғылыми және педагогикалық сараптама жасау тәртібі.  Талаптар, критерийлер».

 Мусаева Валида Кабировна – Шымкент қаласы Айбек атындағы №14 жалпы орта мектептің директоры: «Өзбек тілінде білім беретін мектеп оқушыларына арналған оқулық және оқу-әдістемелік кешендер»;

Джексенбаева Калияш Оспановна – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің психология және дефектология кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері: «Инклюзивті білім беретін және арнайы мектептердегі оқу үрдісі мен оқу әдебиеттерінің мәселелері»;

 Мажитова Нишанкуль Менлихановна – Шымкент қаласы Дулати атындағы мамандырылған үш тілде оқытатын мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі:«Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында математика оқулықтарымен жұмыс жасаудың тиімді және тиімсіз тұстары».

Осымен қатар семинар барысында қатысушыларға  «Сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамыту маңыздылығы», «Критериалдық  бағалау жүйесінің маңыздылығы туралы», «Шетел тілін меңгерудің  маңыздылығы туралы» атты бейнероликтер көрсетілді. Білім саласындағы өзекті мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылардың сұрақтарына жауаптар берілді.

Қатысушылар семинар жұмысының мазмұны мен өткізілу формасына ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта оқулықтар сапасын жақсарту ісіне  өз үлестерін қосуға ниетті екендіктерін білдірді.

Оқыту семинарының қорытындысы бойынша арнаулы сертификат  тапсырылды.

Өңірлердегі осындай мазмұндағы семинарлар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.