Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы

«Заманауи білім беру ақпараттық ортасы: дәстүр және инновация» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2017 жылғы 4-6 сәуір күндері Астана қаласында «Заманауи білім беру ақпараттық ортасы: дәстүр және инновация» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Конференция білім беру жүйесі және мамандарды дайындау саласындағы технологиялар мен құрал-жабдықтардың соңғы үлгілерін көсететін WORLDDIDAC ASTANA 2017 халықаралық көрмесімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Конференцияда - Worlddidac қауымдастығының бас директоры Danny Gauch (Швейцария), CMA компаниясының директоры Ton Ellermeijer (Нидерланды), «Ресей үздік мұғалімі» конкурсының абсолютті жеңімпазы Сиденко А.Г., "Bilim Media Group"компаниясының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы, Sunflower Learning компаниясының директоры David Tymm (Ұлыбритания), DesignSoft компаниясының басқарушы директоры Dr. Mihaly Koltai (Венгрия) т.б. шетелдік және отандық ғалымдар ғылыми баяндамалар жасап, шеберлік сыныптары мен оқыту курстарын өткізді.

Конференция аясында заманауи ақпараттық технологиялардың көрмесі, дөңгелек үстел жұмысы, 2017-2018 оқу жылында білім беру үдерісіне ендірілетін 2, 5, 7 сыныптардың оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерінің таныстырылымы және авторлар брифингі өткізілді.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері, ғалымдар, ғылыми-практикалық орталықтар, білім басқармалары мен әдістемелік кабинет қызметкерлері, оқу басылымдарының авторлары мен сарапшылары, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагог қызметкерлері, біліктілікті арттыру жүйесінің қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, барлығы 500-ге тарта адам қатысты.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде 14 баяндама жасалды. Авторлар брифингіне 360 адам қатысты. Жаңартылған мазмұндағы оқулықтардың мазмұны және ерекшеліктері бойынша мұғалімдерімен талқылау өткізіліп, сұрақтарына жауап берілді. Дөңгелек үстел жұмысына 130 адам қатысып, білім беру парадигмасының өзгеруі мәнмәтінінде білім беру ресурстары мен әдістемесін жетілдіру, мамандар біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды.

КОНФЕРЕНЦИЯ МАТЕРИАЛДАРЫ